Ұлттық домбыра күніне орай «Керуен-сарай» туристік кешенінде республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының финалы ұйымдастырылды. Еліміздің әр өңірінен келген дарынды күйшілер мен өнер майталмандары бір сахнада бас қосып, күй өнерінің өміршеңдігін паш етті. Ұлттық өнерді ұлықтаған салтанатты кешке Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Күй кеші көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі сахна көрігін қыздырса, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаева мен күйші-композитор Ғаламат Бейсеқожа орындаған туындылар ұлттық өнердің биік болмысын айшықтай түсті. Финалдық кезеңде еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас күйшілер орындаушылық шеберліктерін ортаға салып, үздіктерді анықтады.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде алматылық Іңкәр Күзембайға бұйырды. Екінші орын Астана және Атырау өңірлерінен келген қатысушыларға табысталды. Сонымен қатар Төлеген Момбеков пен Сүгір Әліұлы атындағы арнайы жүлделердің иелері анықталып, барлық жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Ұлттық домбыра күні аясындағы тағылымды байқау жас күйшілердің шеберлігін шыңдап қана қоймай, күй өнерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын асыл мұра екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Домбыраның қоңыр үнімен көмкерілген кеш Түркістанның ұлттық өнер мен руханияттың алтын ордасы екенін айқын көрсетті.