«Жастар» театры Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын сахналады. Сатқындық пен адалдық, қызғаныш пен кек, ашу мен ыза, адамгершілік пен қастандық көрініс тапқан қойылым көрерменді XVI ғасырға жетеледі. Ізгілік пен зұлымдық майданы көрсетілді.

«Жастар» театры «Гамлетке» жаңа тыныс беріп, классикаға басқа қырынан үңілді. Сахналық безендіру мен режиссерлік шешім қойылымды бұған дейінгі нұсқалардан ерекшеледі. Тар қапасқа қамалған Гамлет таққұмар Клавдийдің зұлымдығын, анасы Гертруданың сатқындығын сынап, әкесінің кегін алуға ұмтылады. Бар-жоғы екі маусым өткізген жас театр әлемдік классиканы жоғары деңгейде сахналап, екі айлық дайындықтың текке кетпегенін дәлелдеді.


ҚУАНДЫҚ ҚАСЫМОВ, ҚОЙЫЛЫМ РЕЖИССЕРІ, Ш. АЙТМАТОВ АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ
Осындай шығарма арқылы актердің шеберлігі шыңдалады. Сахнаға образдар келеді.


Қойылым заман ағымына бейімделген. Оқиға желісі қоғам келбетін, адам болмысын бейнелейді. Терең ойға батып, рухани қуат алған көрермен өз-өзіне сырттай қарап, сабақ алғанын айтады.


ГҮЛДАНА СЕЙДРАСУЛ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Осындай қойылымның біздің қаламызда қойылып жатқанына, алғашқы көрермен болғанымызға қуаныштымын. Шығармада қоғамның өзекті мәселелері қозғалған. Әр көрерменге ой салды деп ойлаймын.


ЕЛДОС ШЕГЕМБАЕВ, АКТЕР
Адам табиғаты. Ар-ождан, билік, сатқындық пен кек туралы мәңгілік шығарма. Қазіргі қоғамда болып жатқан дүниелерді көруге болады.


Театр «Гамлетті» текке таңдамаған. Басшылық осы арқылы жас ұжымның шеберлігін шыңдап, қабілетін ұштауды көздейді. Бұған дейін де шетелдік классикаларды сахналап үлгерген олар «Антигона» пьесасымен Алжирде өткен халықаралық фестивальде топ жарған еді. Келер маусымда театр жас драматургтер мен режиссерлерді алға тартып, мүмкіндік беруді жоспарлап отыр.


РАСУЛ МЕДЕТОВ, ШЫМКЕНТ «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жастарды біз шақырамыз. Жақсы режиссер табу өте қиын. Режиссерлер келіп жатса, оларды жұмысқа қуана аламыз. Бас режиссердің өзі айтып жатыр, жаңа режиссер шақырайық, жаңа леп алып келейік деп.


«Жастар» театры «Гамлетпен» екі маусымын түйіндеді. Алдағы уақытта көрермен талғамына сай салмақты қойылымдар қатарын еселеуге ниетті.