Халықаралық фестиваль Астана қаласының 20 жылдығы мерекесіне орай 11-ші рет ұйымдастырылып отыр.  Дүбірлі додада ТМД елдерінен бөлек, Вьетнам, Венгрия, Франция, Канада, Никарагуа, Эфиопия сынды 13 мемлекеттен  60-тан аса  цирк майталмандары бас қосқан. «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің «Эксклюзив» акробаттар  тобы «Ажал шеңбері» қойылымын дайындап, алып барған.

«Эксклюзив» тобының дайындаған ерекше қойылымы көрерменді әу дегеннен тәнті етті. Жоғары жылдамдықпен айналатын шеңбер ішінде шебер трюктар жасау – қиынның қиыны. Бірақ біздің өнерпаздар Қазақстанда тұңғыш рет қойылған ерекше жанрды ойдағыдай алып шықты. Аз уақыттағы жаттығу... үлкен жетістіктің жаршысы болды.

Қауіпті қойылым орындаушыларына Монте-Карлодағы Халықаралық цирк фестивалінің вице-президенті Урс Пилс, «Латино» халықаралық цирк фестивалінің президенті Фабио Монтико бастаған қазылар алқасы оң ықылас танытты. Фестивальды қорытындылай келе, Түркістан облысының жігіттері бас жүлдеге лайық деп танылып, алтыннан алқа тақта. Ал, күміс жүлдені-Беларусь елінің мәдениет майталмандары иемденсе,  қола жүлде  Қазақ Мемлекеттік циркінің әртістеріне бұйырды.

К. ДҮЙСЕНБІ