Бұл жолы мақтаралдық оқушылардың мерейі үстем болды. Ұстаздардың  үкілі үмітін  ақтаған түлектерге аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысы «Алтын белгілерін» табыс етті.

Былтыр Мақтарал мектептерінен 4923 мектеп бітіруші түлеп ұшты. ҰБТ-ға қатысқан 2 662 түлектің 71-і «Алтын белгі», 35-і «Үздік аттестат» иегері атанған.

Ал, биыл аудан ұстаздарының қажырлы еңбегінің арқасында бұл көрсеткіш еселеніп отыр.  Айта кетейік, ауданда «Алтын белгіні» ақтаған түлектер саны биыл 26-ға, «Үздік аттестат» иегерлері 13 оқушыға артты.

Бұдан басқа 1 оқушы Халықаралық білім олимпиадаларының жеңімпазы ретінде мемлекеттік грант иегері атанған.

Жамантай Бейсенбаев, Мақтарал ауданының әкімі;

Құрметті, «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері, ардақты ата-аналар! Сіздерді бүгінгі ҰБТ-тің сәтті де жеңісті аяқталуымен шын жүректен аудан әкімдігі, аудан жұртшылығы атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгін біз өздеріңіздің қатысуларыңызбен жүзден жүйрік, мыңнан озық шыққан біздің «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерін салтанатты түрде міне тапсыруға жиналып отырмыз.

Жасұлан Ермахан - ұстаздары мен ата-анасының үмітін ақтаған түлектердің бірі. Аудандағы 124 балл жинаған жалғыз оқушы. Алдағы күндерге қойған мақсаттары айқын, жоспарлары нақты. 

Жасұлан Ермахан, «Алтын белгі» иегері;

ҰБТ-ден 124 балл алдым. Осы 124 балл алуыма өзінің үлесін қосқан мектептегі ұстаздарыма, ата-анама өзімнің үлкен алғысымды айтамын. Алдағы уақытта уақыт санап өсіп келе жатқан Қазақстанға өзімнің ары қарай да үлесімді қосамын деген мақсатым бар. Міне, бүгінгі «Алтын белгі» алып жатқан иегерлерге өзінің үлкен армандарына жете берсін деген тілек айтамын.

Салтанатты марапаттау соңында аудан өнерпаздары тарапынан концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Алтын белгі» иегерлерінің құрметіне орай мерекелік от шашу болды.

 

Гүлмира ОҢЛАСБЕК