Шымкентте 14 жастағы жасөспірімді сарышаян шағып, оның жағдайы күрт нашарлаған. Оқиғадан кейін баланың аяқ-қолы ұйып, тыныс алуы қиындаған. Ата-анасы уақыт оздырмай, жедел жәрдемді күтпестен баласын ауруханаға жеткізуге шешім қабылдапты. Жол бойында полиция қызметкерлері көмек көрсетіп, көлік қозғалысын реттеу арқылы науқастың медициналық мекемеге жедел жетуіне ықпал еткен.Дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегінің арқасында жасөспірімнің жағдайы тұрақтанды. Қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.


МАДИНА ЕРМАХАНБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ Т.ОРЫНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ГИПЕРБАРИКАЛЫҚ ОКСИГЕНАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
 28 мамыр күні қабылдау бөліміне жас жеткіншек бала жеткізілді. Токсиколог мамандар қарап, бөлімшеге жатқызылып, уға қарсы дәрі-дәрмектерімізді, кислородтық терапиямызды өткіздік. Нәтижесінде уақытылы келу мен уақытылы ем көрсетудің арқасында науқастың жағдайы жақсарып, қазір үйінде.


Мамандардың айтуынша, сарышаянның уы әсіресе балалар, егде жастағы адамдар мен созылмалы аурулары бар азаматтар үшін аса қауіпті. Сондықтан улы жәндік шаққан жағдайда өздігінен ем қолданбай, бірден медициналық көмекке жүгіну қажет. Айта кетейік, Шымкент қаласында жыл басынан бері 102 адамды сарышаян шаққан. Оның 37-сі ауруханада ем қабылдаса, 65 тұрғынға амбулаториялық көмек көрсетілген.