Шымкентте су спорты бойынша жылдың ең ірі жарыстарының бірі басталды. Қалада 2014 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында жүзуден Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Ел біріншілігіне республиканың түкпір-түкпірінен жиналған жас спортшылар қатысып жатыр.


 Чемпионатта болашақ Олимпиада үміткерлері бірнеше қашықтық пен жүзу стилі бойынша сынға түседі. Байрақты бәсеке жас спортшылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық құраманың болашақ резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.


АНДРЕЙ АЛЕКСАНДРОВИЧ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖҮЗУ СПОРТЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ
Бұл чемпионат бізде жыл сайын өткізіледі. Ол Туризм және спорт комитетінің регламентіне сәйкес ұйымдастырылады және оған ең кіші жас ерекшелігіндегі топ қатысады. Дәстүр бойынша, бұл жарыс жыл сайын Шымкент қаласында өтеді. Аталған чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен келген қатысушылар бақ сынайды.


1-5 маусым аралығында өтетін чемпионатқа елдің 17 өңірінен 35 команда келген. Қазіргі таңда 451 жас жүзгіш жарыс жолына шыққан. Сонымен қатар қалада су спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жаңа бассейндер салынып, бірқатар спорт нысандары күрделі жөндеуден өтуде.


ЕРМЕК ДӘРМЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қалада жүзу спортын дамытуға басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта жаңа спорт кешендері мен 50 метрлік стандартқа сай бассейндер салу жоспарланған. Сонымен қатар қолданыстағы су спорт орталықтарына күрделі жөндеу жүргізілуде.


 Айта кетейік, бірнеше күнге созылатын ел чемпионатына спортшылар тыңғылықты дайындықпен келген. Алдағы күндері бассейнде тартысты бәсеке жалғасып, жас жүзгіштер өзара мықтыны анықтайды.