Бүгінде гаджетке телмірген бала көп. Ал кітапқа қызығатын ұрпақ қалыптастыру - қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Түркістанда осы бағыттағы үлкен жоба жүзеге асты. Қалада Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының жаңа заманауи ғимараты пайдалануға берілді. 65 жылдық тарихы бар мәдени ошақтың жаңаруы - өңір руханияты үшін маңызды оқиға.
Кітапхана - тек кітап сақталатын орын емес. Бұл - ұлттың рухани қазынасы, тәрбиенің алтын бесігі. Әсіресе балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, олардың ой-өрісін кеңейту – болашаққа жасалған инвестиция. Жаңа нысан осы мақсаттағы жұмыстарды жандандыруға серпін береді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында: «Тек кітап оқитын ұлт қана шын мәнінде интеллектуалды қоғам құра алады. Бұл – елдің рухани дамуының негізі» деп, кітапхананың қоғам өміріндегі маңызын ерекше атап өткен болатын.
Жаңа кітапхана балалардың оқу мәдениетін қалыптастыруға, білім мен кітапқа деген қызығушылығын арттыруға, шығармашылық қабілетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Мұнда өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына барлық мүмкіндік қарастырылған.
ЖЕҢІСБЕК МӘУЛЕНҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Балаларымызға осындай ғажайып білім ордасын сыйлауға мүмкіндік жасаған облыстық мәслихат депутаттары мен барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғимарат құтты болсын! Кітапхананың шамшырағы сөнбесін! Еліміздің руханияты өркендей берсін!
Жобаның жалпы құны – 481,3 миллион теңге. Ғимараттың жалпы аумағы – 1065 шаршы метр. Кітапхана бір мезетте 100 оқырманға қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда 50-ден астам маман еңбек етеді. Балалар кітапханасының қорында 226 мыңнан астам құнды кітап сақталған. Оқырмандарға әлемдік классика, заманауи балалар әдебиеті және электронды ресурстар ұсынылады.