Шымкентте ерекше балалар шығармашылық қабілетін шыңдай алады. Бүгін қалалық креатив хаб екіжақты меморандумға қол қойды. Енді мұнда бүлдіршіндер тегін шеберлік сабақтарына қатысып, жаңа дағдыны меңгеріп, уақытын тиімді өткізеді.


Шымкенттік тұрғын Клара Құрбанова бір жылдан бері баласын бұл орталыққа үзбей әкеледі. Шеберлік сыныптары бүлдіршіннің есте сақтау қабілетін жақсартып, ойлау жүйесіне тың серпін берген. Мұнда келгеніне көп болмай-ақ, шығармашылыққа құштарлығы оянып, қоршаған ортамен байланысы бекіген.


КЛАРА ҚҰРБАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Бұл жерге келіп жүргенімізге бір жылға жуық уақыт болды.Қызым мұнда уақытын тиімді өткізеді.Сурет салуды үйренді.Балалармен танысты, энергиясы артты.Қолөнермен де айналысады.


Бүгінгі таңда креативті хаб инклюзивті орта қалыптастырудың бірегей алаңына айналды. Мұнда келушілер қолөнер, дизайн бағытымен қатар, цифрлық шығармашылыққа да көңіл бөледі. Жиында ұйымдастырушылар ерекше балалар салған суреттерді орамал бетіне түсіріп, аналарына тосын сый жасады.


ЖАННА ЕЛТАНОВА, КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ АССОЦИАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
 Ата-аналар ассосиациясы мен креативті хаб арасында меморандум түзіледі.Енді ата-аналар да, балалар да мұнда келіп, тегін шеберлік сабақтарына қатыса алады.Іс-шаралар жаз бойы аптасына бір рет өтіп тұрады.


Креативті хаб – заманауи шығармашылық орталық. Мұнда келушілер өнерін ұштап, білімін тереңдетіп, талантын шыңдай алады. Айта кетейік, бұл меморандум – ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдауға бағытталған. Алдағы уақытта тағы бірқатар жоба жасау жоспарланып отыр.