Елімізде ана мен баланы қорғауға арналған әлеуметтік көмек жүйесі дамып келеді. Биыл бұл салаға мемлекеттік бюджеттен 974 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артық.


Қаражат жаңа туған сәбиге берілетін біржолғы төлемдерге, бала күтіміне арналған жәрдемақыларға, сондай-ақ көпбалалы және ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетуге жұмсалады. Сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау бағытында жаңа тетік енгізілді. Соның бірі – кәсіби асырап алушы отбасы жүйесі. Бұл мүмкіндік қиын жағдайға тап болған балалардың тұрақты жанұяда өсуіне жағдай жасайды. Бұдан бөлек, былтыр балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдерге тәлімгер бекіту тәртібі міндетті сертификаттаумен толықтырылды. Тұрғын үй саясаты да жаңартылды. Енді Астана мен ірі қалаларда жетім қалған балаларды кезекке қою үшін бұрынғыдай үш жыл тіркеуде болу талабы жоқ. Сондай-ақ, олар басқа жерге көшсе де, кезек реттік нөмірі өзгермейді. Оған қоса, жеңілдетілген несие мен жалға алу төлемін субсидиялау мүмкіндігі қарастырылған.