1 маусым – Балаларды қорғау күні. Мереке аясында төтеншеліктер балабақша тәрбиеленушілерін зообаққа апарып, жануарлар әлемін көрсетті. Өрт сөндіру саласын таныстырып, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Төтеншеліктер балаларға тілсіз жаудың зардабын айтып, сақтану жолдарын көрсетті. Өрт сөндіру көлігін таныстырып, құрал-жабдықтардың атқаратын қызметін баяндады. Практикалық жаттығу өткізіп, бүлдіршіндердің көңілін көтерді.
ТӨРГЕЛДІ НҰРЫМ, БАЛАБАҚША ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ
– «Маған мамандардың су шашқаны ұнады. Отпен ойнауға болмайды екен. 101-ге хабарласу керек екен.» «Мен тәртіпті бала болып, үлкендердің айтқанын тыңдаймын.»
Іс-шараға 70-ке жуық балабақша тәрбиеленушісі қатысты. Алдымен олар зообақ ішін аралап, жануарлар әлемін қызықтады. Содан соң өрт сөндірушілер дайындаған арнайы бағдарламаны тамашалады.
АСЫЛБЕК ЖҮНІСБЕКОВ, АБАЙ АУДАНЫ ТЖБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Балалардың терезеден құлап кетпеуі, суда ата-анасының рұқсатынсыз шомылмауы, өрт қауіпсіздігін түсіндіру мақсатында бүгінгі іс-шара ұйымдастырылып отыр.»
БЕКСҰЛТАН ИБАДУЛЛА, АБАЙ АУДАНЫ ТЖБ АҒА ИНЖЕНЕРІ
– «Өрт сөндіру автокөлігінің атқаратын қызметін, құрал-жабдықтарын түсіндірдік. Жұмыс барысын көрсеттік.»
Іс-шара соңында өрт сөндірушілер балаларға балмұздақ таратып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бүлдіршіндердің санасына қауіпсіздік ережелерін сіңірді.