Шымкентте 2026 жылы 62 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде тұрғын үйлер, инженерлік инфрақұрылым және әлеуметтік нысандар бар.


Жоспарға сәйкес, жалпы көлемі 102 мың шаршы метр болатын 32 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 1243 пәтер ел игілігіне тапсырылмақ. Тұрғын үйлердің 12-сі Тұран шағынауданында, 20-сы Бозарықта орналасады. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары мен кредиттік тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арнап 771 пәтер сатып алу көзделген. Қазіргі таңда оның 720-сы сатып алынған. Қалада инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. Бозарық және Тұран шағынаудандарында 3 инфрақұрылым нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Барлық жобаларды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар салаларында жаңа нысандар бой көтереді. Жыл соңына дейін бірнеше мектепке қосымша ғимараттар салынып, әлеуметтік және медициналық мекемелер пайдалануға берілмек.


 ЕРДӘУЛЕТ ӘЖІБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Биыл реновация бағдарламасы аясында апатты деп танылған 13 тұрғын үйдің тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Еңбекші ауданында бірнеше жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, қалада 31 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, 26 тұрғын үйдегі тозығы жеткен 37 лифт ауыстырылады.


 Сондай-ақ, 200 орындық ірі перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда нысанның қазаншұңқырын қазу жұмыстары аяқталып, іргетасына бетон құйылуда. Үш қабатты ғимаратта зертхана, тамақтану блогы, бақылау-өткізу пункті, қазандық, медициналық газ станциясы және шаруашылық аймағы қарастырылған. 123 автокөлікке, 16 әкімшілік көлігіне және 8 жедел жәрдем көлігіне арналған автотұрақтар, 120 текше метрлік су резервуары, автокөліктерді дезинфекциялау алаңы мен саябақ салынады.