Қазығұрт ауданындағы Орталық саябақ алаңы бір күнге нағыз зияткерлік бәсекенің ордасына айналды. “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылған «AL-FARABI» интеллектуалды сайысы жоғары деңгейде өтті. Шараны Қазығұрт аудандық әкімдігі мен аудандық прокуратура бірлесе ұйымдастырды.


Ашық аспан астында өткен білім додасы ерекше атмосферасымен есте қалды. 200 команда, 1000-ға жуық жас бір алаңда бас қосып, білім мен логикаға негізделген түрлі кезеңдерде өзара бақ сынады. Сайыс барысында қатысушылардың тапқырлығы мен жылдам ойлау қабілеті сынға түсті.


 Аудан прокуроры Руслан Абдраимов “Заң мен тәртіп” қағидаты аясындағы бұл жобаның жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, адалдық пен әділдік құндылықтарын терең қалыптастыруға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, мұндай бастамалар қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін күшейтеді.


Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрды. Әр кезең қатысушылардан жоғары дайындық пен шапшаң шешім қабылдауды талап етті. Қорытындысында үздік деп танылған командалар қазылар алқасының шешімімен марапатталып, алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтарға ие болды. Жарыс соңында қатысушылар осындай ауқымды білім додасының жиі ұйымдастырылуы жастардың дамуына серпін беретінін атап өтті.