Шымкентте 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «DARA SHOW» республикалық өнер байқауы өз мәресіне жетті. «ALEM ART» шығармашылық орталығы ұйымдастырған өнер сайысына еліміздің өзге қалалары мен аудандарынан 200-ге жуық бала қатысты. Жас таланттар қандай бағыттарда бақ сынады? Сюжетте толығырақ.


 Айкөркем Ұласбек өнер сайысына қатысу үшін Ордабасы ауданы, Төрткүл елді мекенінен келген. Ол көркемсөз оқудан бақ сынады. Мұқағали Мақатаевтың «Пай, пай, өмір» шығармасын мәнерлеп оқыды. Бұған дейін талай сайыста жүлделі орындарға ие болған жас өнерпаз бұл жолы да бас жүлдені қанжығасына байлауға ниетті.


 АЙКӨРКЕМ ҰЛАСБЕК, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
 «Мен Төрткүл ауылының тумасымын. Осы «DARA SHOW» өнер сайысына қатысқалы тұрмын. Бұған дейін көптеген байқауларға қатысып жүрмін. Мен Мұқағали Мақатаевтың “Пай, пай, өмір” шығармасын оқитын боламын. Жеңімпаз болсам, басқа байқауларға жолдама алып, көптеген кубоктардың бірін иеленемін деген ойдамын.»


Өнер сайыстары – жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға, бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізуге және ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны дәріптеуге үлес қосатын маңызды бастама. Іс-шара балалар мен жастардың эстетикалық талғамын қалыптастырып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырмақ.


 САПАРКҮЛ МИХОДЖАЕВА, «ЗЕЙІН АШУ» БАСТАУЫШ МЕКТЕБІНІҢ ҰСТАЗЫ
«Тоғыз оқушыны қатыстырып жатырмын. Бұған дейін де Ташкент, Алматы, Түркістан қалаларындағы конкурстарға қатыстырып келеміз. Шымкент қаласындағы байқауларға да үнемі оқушыларды алып келеміз. Мұндағы мақсатымыз – балаларды өнерге тәрбиелеу, қазақы құндылықтар мен көркемсөз өнерін дәріптеу. Шәкірттеріміз әрдайым биіктен көрініп, Қазақстанның туын жоғары желбірете берсін, алдарында тек даңғыл жол болсын деймін.»


 Сайысқа Тараз, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласындағы өнер орталықтарының 200-ге жуық тәрбиеленушісі мен мектеп оқушылары қатысты. Олар хореография, аспапта орындау, көркемсөз, вокал және дәстүрлі ән бағыттары бойынша бақ сынады.


ХАМИТ МҮТӘЛИЕВ, «ALEM ART» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ
«Бұл байқау бізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биыл да арнайы ұйымдастырып отырмыз. Байқауға өнер мектептері, қосымша білім беру ұйымдары және жалпы білім беретін мектептердің талантты оқушылары қатысуда.»


Байқау қорытындысы бойынша күйшілер арасында Диас Ермекбай, хореография бойынша «Қызғалдақ» би тобы, дәстүрлі ән бойынша Алмаз Битуған, көркемсөз оқудан Арманай Оңғалова, вокалдан Кәусар Аманбай бас жүлде иегері атанды. Айта кетейік, жеңімпаздар жаз айында Алматы қаласы мен Қырғызстанда өтетін халықаралық байқауға жолдама алды.