Шымкенттік ерекше балалар жүгіру сайысына қатысты. «Инклюзивті жүгіріс – 2026» жарысы «Arman Alemi» жобасы аясында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды. Дендрологиялық саябақта өткен іс-шараға 800-ден астам бала мен олардың ата-аналары қатысты. Сайыс қорытындысын әріптесім айтсын.


Гүлбану Жұмабекова — 4 баласымен бірге таңғы жүгіруге қатысып, балаларды спортқа баулып жүрген белсенді ана. Ол мұндай шаралар балалардың қоғамға бейімделуіне, физикалық дамуына және тең мүмкіндіктер ортасын қалыптастыруға зор үлес қосатынын атап өтті.


 ГҮЛБАНУ ЖҰМАБЕКОВА, АТА-АНА
 «Төрт балам да осы спорттың арқасында жетістіктерге жетті. Баланың өзін дамытуы, жетілуі біз үшін өте маңызды. Осындай шаралар халықаралық, республикалық деңгейде жиі ұйымдастырылса, тіпті жақсы болар еді.»


«Инклюзивті жүгіріс – 2026» іс-шарасы биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Спорттық жарыс ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған. Биылғы іс-шараға 800-ден астам бала мен олардың ата-аналары қатысып, 1 шақырым қашықтықты еңсерді.


ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
 «Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қала әкімдігі, спорт басқармасы, «AMANAT» партиясы және «Arman Alemi» ұйымымен бірлесіп, осы үлкен іс-шараны өткізіп жатырмыз. Қаламызда инклюзия бағытында тәрбиеленіп жатқан балаларға арналған «Shymkent Marathon – 2026» ұйымдастырылуда. Олар 1 шақырым қашықтыққа жүгіреді.»


Инклюзивті жүгіріс – бұл қолдау, қабылдау және әр балаға тең мүмкіндік. Мамыр айы бойы қатысушылар кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен дайындық жаттығуларына қатысты. Бұл балалардың физикалық белсенділігін арттырып, өз-өзіне деген сенімін нығайтуға мүмкіндік берді.


ФАРИДА БӘКІБАЕВА, «ARMAN ALEMI» КЕДЕРГІСІЗ ҚОҒАМ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
«Балалардың көзқарасын көріп тұрсыздар. Жылдан жылға диагнозы жоқ балалардың да ерекше балаларға деген көзқарасы өзгеріп келеді. Болашақта бұл балалар қоғаммен бірге өмір сүреді. Сондықтан қазірден бастап оларды араластырып, бір-бірімен таныстырып келеміз. Бізде тек спорттық емес, шығармашылық жобалар да бар. Ата-аналарға арнап бизнес-инкубатор құрғанбыз.»


 Сайыс барысында балаларға арналған ойын-сауық және интерактивті алаңдар, өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ, демеушілер есебінен балаларға балмұздақ пен тәттілер таратылды. Жүгіру сайысының қатысушыларына медальдар мен сыйлықтар табысталды.