Шымкентте алтын сату-сатып алу саласындағы алаяқтық мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Соңғы уақытта мұндай деректердің азаймай отырғанын айтқан тәртіп сақшылары бір ай ішінде жүзге жуық арыз тіркелетінін мәлімдеп, жағдайдың ушығып бара жатқанын алға тартады. Жеке тауарды сенімгерлікпен тапсыру кезінде жазбаша келісімнің болмауы талай азаматтың сан соқтырып жүрген негізгі себептердің бірі. Осы олқылықтардың алдын алу мақсатында базарларда түсіндіру жұмыстары күшейтілді.


Бүгінде базар ішіндегі қарбалас тіршіліктің көлеңкесінде алаяқтық әрекеттер де көбейіп барады. Бір сәттік сенімге кіріп, өзгеге тиесілі мүлікті иемденіп, кейін ізін суытып кететіндер әсіресе сауда орындарында жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар қарапайым сатушылардың да, кәсіпкерлердің де қалтасына ғана емес, сеніміне де сызат түсіріп отыр.


АҚКҮМІС ӨТЕБАЕВА, САТУШЫ
 «Ол кісі сеніміме кіріп, керек тауарын алып кеткеннен кейін қайта оралмады, ізін жоғалтып кетті. Ондай жағдайлар бізде жиі кездеседі. Әсіресе алыпсатарлар арасында осындай келеңсіздік көп.»


Мамандардың айтуынша, алыпсатарлар кейде кәсіп иесінің сеніміне кіріп алып, кейін байланысқа шықпай кететін жайттар жиілеген. Ал мұндай жағдайларда екіжақты жазбаша келісімнің болмауы құқық қорғау органдарының жұмысын қиындатып, істің дәлелденуін күрделендіреді.


 ОҢЛАСЫН ӘБДІРӘСІЛ, АБАЙ АУДАНЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 «Бұл жерде кәсіпкерлерге тауарды берген кезде ауызша келісімге ғана сенбеу керектігін ескерттік. Міндетті түрде екі тарап арасында жазбаша келісім жасалуы қажет.»


Шара Самал және Алаш базарларында қатар ұйымдастырылды. Мамандар сатушыларға сақ болу керектігін ескертіп, алаяқтық пен ұрлық-қарлық әрекеттерінің алдын алу бойынша кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл бастама базардағы қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған.