Шымкенттік заңгерлер халықтың мәселесін саябақтарда тыңдады. Олар түйткілді мәселелердің шешу жолдарын түсіндіріп, бағыт-бағдар берді. Арбат демалыс аймағында өткен шарада 50-ге тарта азамат мамандардан тегін құқықтық кеңес алды.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және тұрғындардың өзекті мәселелерін заң аясында шешуге қолдау көрсету.
СӘБИТ ӘСЕТҰЛЫ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Бүгін өткізіліп жатқан «Халық заңгері» іс-шарасының басты мақсаты – қарапайым халық пен мемлекеттік қызметшілердің емін-еркін сұхбат құрып, көкейдегі сауалдарына жауап алуына мүмкіндік жасау.
Бұл күні заңгерлер, нотариус мамандары мен сот орындаушылары тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың өкілдері мен құқық қорғау саласының мамандары да болды. Тұрғындардың көбі тұрғын үй, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер мен несие мәселелеріне қатысты сұрақтарын қойды.
ЛАУРА БОЛАТҚЫЗЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің ұйымдастыруымен халыққа тегін заңгерлік көмек көрсетіп жатырмыз.
Айта кетейік, «Халық заңгері» акциясы еліміздің барлық өңірінде өткізіліп келеді. Жоба аясында тұрғындар тегін құқықтық көмек алуда. Шымкентте жыл басынан бері 10-ға тарта акция ұйымдастырылып, жүздеген тұрғынның мәселесі шешімін тапқан.