Ел дамуының жаңа бағдары. Жаңа Конституция құқықтық мемлекет құру жолындағы тағдырлы қадам болып отыр. Бұл құжат-жай ғана заңдар жиынтығы емес, бұл-мемлекеттің егемендігін бекемдеудің, саяси жүйені трансформациялаудың және қоғам мен билік арасындағы жаңа әлеуметтік келісімнің берік негізі.
Жаңа Ата Заң реформасының өзегінде «Әділетті Қазақстан» идеясы тұр. Құжаттың басты миссиясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды мемлекеттік саясаттың ең жоғарғы деңгейіне көтеру. Саяси құрылымда да үлкен бетбұрыс бар. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік қайта қаралып, жауапкершілік күшейтілді. Ендігі кезекте жергілікті өзін-өзі басқару мен азаматтық қоғам институттары, мемлекетті басқару ісіне тікелей араласуға мүмкіндік алады. Бұл биліктің халыққа одан сайын жақындай түсетінінің көрінісі. Ең маңызды стратегиялық шешім болашақ капиталға тікелей бағытталған. Білім мен ғылым, ұлттық мәдениет пен инновация жаңа заманда мемлекет дамуының басты қозғаушы күші ретінде айқындалады. Түйіндей айтсақ, жаңа Конституция қуатты мемлекет пен ашық қоғамның алтын көпірі болмақ.
НҰРЖАН НҰРТАЗАҰЛЫ, ҚҰҚЫҚТАНУШЫ
Жаңа Конституция жобасының жарияланып, көпшілік талқысына ұсынылуы – халықтың мемлекет басқару ісіне белсенді қатысуына жол ашатын тарихи қадам. Бұл бастама білімге, ғылымға және инновацияға негізделген Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды өзгерістердің бірі.