Балалық шақтың алтын бесігі. «Зерек бала» балабақшасы биыл елу бірдей бүлдіршінін үлкен өмірге ұшырды. Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген бұл кеш күлкі мен қимастыққа толы болды. Киелі Ордабасы аспанын әнге бөлеген балғындар мың бұрала би билеп, өздерінің алғашқы ұстаздарынан үйренген өнерлерін паш етті.
Бүгін «Зерек бала» бөбекжай балабақшасының бүлдіршіндері үшін ерекше күн. Кішкентай достар өздерінің аға-әпкелерін мектепке салтанатты түрде шығарып салды. Балабақша қабырғасында тәлім мен тәрбие алған бүлдіршіндер енді білімнің жаңа белесіне қадам баспақ. Ұжымның айтуынша, баланың бойына адамгершілік пен ізгілікті сіңіруде тәрбиешілердің еңбегі зор.
ШӘМШИЯ ҚАЛДАНҚЫЗЫ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ
Осы балабақшада білікті де білімді ұстаздарымыз еңбек етеді. Біз оларды әрдайым мақтанышпен айтып жүреміз. Жалпы, осы балабақшаның тәрбиешілері облыстық байқауларда топ жарып жүр.
Мамандардың сөзінше, баланың болашағы ең алдымен отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы білімге байланысты қалыптасады. Сондықтан бөбекжай ұжымы әр баланың қабілетін дамытуға баса мән береді. Мұнда тәрбиеленушілер түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылық және танымдық бағытта шыңдалып келеді.
РАУШАН ҚАНЫБЕКОВА, «ЗЕРЕК БАЛА» БӨБЕКЖАЙ БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ
120 орындық болып ашылғанбыз. Кейін тағы 30 бала қосылды. Қазір 150 бала тәрбиеленіп жатыр. Барлығы түрлі үйірмелерге қатысады. Біз біліммен қатар тәрбиеге де ерекше көңіл бөліп келеміз.
Бүгінде «Зерек бала» балабақшасы бүлдіршіндерді біртұтас тәрбие негізінде білім нәрімен сусындатып отырған білім ордаларының біріне айналған. Ұжымның басты мақсаты – саналы, тәрбиелі әрі дарынды ұрпақ тәрбиелеу.