31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Кеше қазақстандықтар тоталитарлық режимнің езгісін көріп, жазықсыз жазаланған боздақтарды еске алды. Мамандардың сөзінше, репрессия жылдары 7,5 мың шымкенттік қудаланып, 2,5 мыңы атылған.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Ашық дереккөздерге сүйенсек, репрессия жылдары Шымкентте 2 мыңға жуық азамат атылған. Сын садағына байлар мен сауаттылар, ел қамын күйттеген арыстар іліккен. Тағылған айып – ұлтшылдық!
- Ату жазасы осы маңда орындалған. Мына тұста терең құдық болып, мүрделер соның ішіне тасталған. 1989 жылы қазба жұмыстары жүргізіліп, қорымнан 10 қап адам сүйегі табылған.
Сұрқия саясат халық жауының өзін ғана атып тоқталмады. Отбасын да ойрандап, тағдырын тәлкекке түсірді.
ГҮЛНАР ЖАНЫСБЕКОВА, ТАРИХШЫ
– «Отбасы мүшелері сонда бірнеше қуғын-сүргінге түсті. Тікелей қамау, сотталу, балалары балалар үйіне жөнелтілді. Отбасынан ажыратылды.» «Міне, осындай қанды жаспен араласқан аналардың көз жасына қойылған ескерткіштің жанында тұрмыз.»
- Халық жадында сақталған естеліктерге сүйенсек, жергілікті жұрт бұл маңнан өтуге жүрексінген. Аянышты дауыстарды естіп, жүрегі әбден шайлыққан ел бұл тұсты «Албасты сай» деп атап, айналып өтетін болған.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Шымкенттіктер жазықсыз жазаланып, зорлықпен ажал құшқандарды ұмытпайды. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінде репрессия заманын бейнелейтін 16 мыңнан аса жәдігер бар. Ал мына тақтаға айыпсыз атылған 2 жарым мың азаматтың аты-жөні жазылған. Қатарында елге еңбегі сіңіп, халыққа қалтқысыз қызмет еткен арыстар да бар.
БІРЖАН ӘБДІҚАЛИ, ҚАЛАЛЫҚ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІ САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫ МУЗЕЙІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
– «Оларға ештеңе жасамаса да “халық жауы”, “кеңес үкіметіне қарсы күресті” деген айыптар тағылды.» «Тек қазақ азаматтары емес, осы маңда өмір сүрген басқа да ұлт өкілдері репрессияға ұшырады.»
Былтыр мұражайға 15 мыңға жуық азамат келіп, тарих беттерін парақтаған. Ал жыл басынан бері 5 мың кісі қызығушылық танытып, экспонаттармен танысқан. Рухани қуат алып, боздақтарды құрметпен еске алған.
ДӘУЛЕТ БОЛАТҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Біз егер ұлтқа қызмет етеміз десек, әуелі тарихты білуіміз керек.» «Оқушыларыма тарихты таныстыру үшін музейге алып келдім. Өте әсерлі сезім болды.»«Бізге тарихты білу маңызды. Бұл ұлттың ұлылығын көрсетеді.»
Айта кетейік, Шымкент топырағында атылып, жазықсыз қудаланғандар кейіннен түгел ақталды. Өйткені қайта тексеру кезінде олардың іс-әрекетінде қылмыстық құрам болмағаны анықталған.