Бүгін Шымкентте Халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтті. Орталық саябақта ұйымдастырылған мерекелік жиында бүлдіршіндер бос қосып, қуанышқа бөленді. Салтанатты шараға қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков балалардың өнерін тамашалап, мерекемен құттықтады.

Жаздың алғашқы думанды мерекесіне жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Күн шуағына бөленген саябақ алаңы мерекелік көңіл күйге толып, түрлі өнер бағдарламалары мен концерттік нөмірлер көпшілік назарына ұсынылды. Жас өнерпаздардың әсем әні мен әсерлі би қойылымдары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, мерекенің ажарын аша түсті. Думанды шараға келушілер «Бақытты шақ» фотокөрмесін тамашалады. Үрмелі аспаптар оркестрінің шеруі мен домбырашылар концерті мерекеге ерекше реңк берді. Бұдан бөлек, қолөнерден шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қатысушылар ұлттық өнердің түрлі бағыттарымен танысты.


ҚУАНЫШ ЫСҚАҚОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл жерде қосымша білім беру мекемелері, түрлі өнерпаздар бірлесе отырып, концерттік бағдарламаға қатысты.Балалар үйінен келген 100-ге жуық қатысушы да бар.Оларға қазір әкімнің атынан арнайы сыйлық табысталады.

 Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 278 мыңнан астам оқушы бар. Жазғы демалыс маусымында бүлдіршіндердің шығармашылық дамуына ерекше көңіл бөлінбек. Оқушылар тегін үйірмеге қатысып, уақытын тиімді өткізе алады. Мәселен, Алияна Еркебай қолы қалт ете қалса, сурет салып, қыш құмыра жасайды. Оқу жылын үздік тәмамдаған білім алушы демалыста жаңа дағдыны меңгеруді қалайды.

АЛИЯНА ЕРКЕБАЙ, ОҚУШЫ
 Бүгін-біздің мереке.Көңіл-күйім өте керемет.Мен мектепте үздік оқимын.Бос уақытымды тиімді өткізуге тырысамын.Сурет саламын, құмыра жасаймын, қолөнермен де айналысамын.

Биыл елімізде «Қазақстан балалары» атты тұжырымдама қабылданды. 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың жеке шотына аударылып келеді. Сондай-ақ, жаңа заң қабылданып, бала құқығы күшейді. Бұл бастамалар өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жол ашады.