Түркістанда мыңнан аса бала қатысқан мерекелік іс-шара өтті. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, жеткіншектерді мерекемен құттықтады.
Мерекелік кеште сөз сөйлеген облыс әкімі 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспармен таныстырды. Бұл құжат балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы білім алуына жағдай жасауға, денсаулығын нығайтуға және бос уақытын тиімді пайдалануға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Сондай-ақ «Адал ата-ана – қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы кеңінен насихатталды. Бұл бастама отбасы құндылықтарын нығайтуға, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне бағытталған. Жиында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанған 20 дарынды оқушы марапатталып, қаржылай сыйақылар табысталды. Балаларға арналған әсерлі кеште өңірдің дарынды оқушылары мен шығармашыл жастары концерттік бағдарлама ұсынды. Мерекеге қатысқан 1000 балаға қазақ әдебиеті кітаптары тарту етілді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде балаларды қорғауға бағытталған жүйелі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта Түркістан облысында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Балалардың сапалы білім алуы, медициналық қызметпен қамтылуы, жазғы сауықтыру лагерлерінде демалуы және әлеуметтік қолдауы тұрақты бақылауда.