Жұмыс бар, мүмкіндік бар… бірақ оны тиімді пайдалану қалай жүріп жатыр? Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар қайта қарқын алды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров бұл саланы жүйелеп, нақты нәтиже талап етті. Аппараттық мәжілісте тек сандар емес, нақты адамдар тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер ортаға салынды.


Бүгінде облыста еңбек қатынастарын цифрландыру жұмысы жүріп жатыр. Жоспарланған 11 509 адамның 8 485-імен еңбек шарты электронды форматта рәсімделген. Бұл процеске 2 964 мекеме тартылған. Мамандар көрсеткішті толық орындау бағытында жұмысты жалғастырып жатыр.


 МЕКЕНХАН ҚОЗЫХАНҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Еңбек қатынастарын заңдастыру, әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету және жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Әлеуметтік кепілдіктердің бірі – зейнетақы жарналары да назарда. Қазіргі таңда 9 743 мекеме 47 431 азамат үшін міндетті жарна аударған. Бұл – азаматтардың болашақ әлеуметтік қорғалуына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл жұмыс тек қағаз жүзінде қалмауы керек. Әкімдіктер мен «Мансап» орталықтары нақты нәтижемен жұмыс істеуі тиіс. Тұрғындарды кәсіпорындармен таныстырып, мүмкіндікке жол ашу қажет. Ең бастысы – жұмыс бар жерде адам болуы керек.


Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі де назардан тыс емес. Жазатайым оқиғалардан сақтандыру шаралары күшейтілген. Қазіргі таңда 308 мекемеде сақтандыру шарттары жасалған. Ал жастарды жұмыспен қамту бағытында NEET санатындағы жұмыссыз жастармен жеке жұмыс жүргізіліп жатыр.