Жаз мезгілі басталысымен өрт қаупі де күшейеді. Түркістан облысында орман мен дала өрттерінің алдын алу шаралары күшейтіліп, құтқару қызметтері толық дайындық режиміне көшті. Осыған байланысты өңірде «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өткізілді.


 Биыл облыста орман, егістік және дала алқаптарындағы өрттің таралуына жол бермеу үшін ұзындығы 9 мың шақырымнан асатын минералданған жолақтар жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда бірінші кезең толық орындалған.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Жазғы өрт қауіпті маусымға арналған кезеңдік іс-шаралар жоспары бекітілді. Орман және дала өрттерінің алдын алу жұмыстары тұрақты бақылауда болады.


 Қауіпті маусымға дайындық аясында облыста 340 маман, 70 техника және 1 тікұшақ жұмылдырылған. Әуе арқылы су алуға арналған 10 арнайы орын белгіленді. Сонымен қатар 12 орман шаруашылығы мекемесі толық дайындыққа келтірілді.


БАҒДАТ ЧАЙЗАДА, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Шалғай елді мекендердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы жүйелі түрде жалғасып келеді.


 Өрт қауіпті маусым басталғалы бері 95 әкімшілік шара қолданылған. Ал «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған 10 өрт сөндіру пункті бүгінге дейін 25 өрт пен жану оқиғасының алдын алған.


 САНЖАР БӨРЛІБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ
Орман қоры аумақтары арнайы техникамен және өрт сөндіру құралдарымен толық жабдықталған. Сонымен қатар ерікті өрт сөндіру жасақтары да күшейтілді.


Өңірде 37 маусымдық өрт бекетін ашу жоспарланған. Қазірдің өзінде оның 33-і жұмысын бастаған. Жыл басынан бері облыс аумағында орман өрті тіркелмеген. Ал «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінде өртті ерте анықтайтын заманауи жүйелер орнатылып жатыр.