Гонконгта өткен жеңіл атлетикадан XXII Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Шымкенттік жас спортшы Максим Сажнев диск лақтырудан алтын медаль жеңіп алып, ұлттық рекорд орнатты. Жеңімпазды елге оралғанда Шымкент вокзалынан туған-туыстары мен әріптестері салтанатты түрде қарсы алды.


Максим Сажнев – мектеп бітіруші түлек. Дегенмен ол қатарластарымен бірге соңғы қоңырау кешіне қатыса алмай, ел намысын Гонконгтағы Азия чемпионатында қорғады. Диск лақтыру сайысында жеңіске жетіп, көк Туды биікте желбіретті.


МАКСИМ САЖНЕВ, АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ
Мен бұған дейін әлемнің бірнеше елінде өткен жарыстарға қатыстым. Бұл – Азия чемпионатындағы үшінші алтын медалім. Бұған дейін Бахрейн мен Өзбекстанда да жеңіс тұғырынан көріндім. Алда әлем чемпионаты күтіп тұр, сол додада да жоғары нәтиже көрсетуге дайындалып жатырмын.


Гонконгтағы додаға елімізден 15-ке жуық спортшы қатысты. Шымкенттегі №2 жеңіл атлетика спорт мектебінен 8 спортшы бақ сынады. Нәтижесінде Қазақстан қоржынына 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль түсті.


 МАРАТ МОЛДАБЕКОВ, №2 ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
 Бұл жарысқа 30 елден 600 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпы 11 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды. Солардың ішінде Максим Сажнев – алтын медаль иегері. Алда әлем чемпионаты бар, оған біздің спортшылар да қатысады.


 Айта кетейік, 16 жастағы Максим финалда дискіні 60,45 метрге лақтырып, қарсыластарын артта қалдырды. Бұл нәтиже тек оның жеке рекорды емес, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстанның жаңа ұлттық рекорды болды.