Әр баланың бейбіт аспан астында бақытты күн кешуі маңызды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістанда «Жарқын болашақ – бақытты баладан басталады» атты мерекелік жиын өтті. Мыңнан астам жасөспірімнің басын қосқан шарада мемлекет пен ата-ананың балалар алдындағы басты міндеті айтылып, әлемдік аренада топ жарған өңірдің жас дарындары марапатталды.


Мерекелік жиынға халықаралық және республикалық білім, ғылым, өнер және спорт додаларында жеңімпаз атанған 40 оқушы қатысты. Еркін пікір алмасу алаңында оқушылар өз жетістіктері мен болашақ жоспарлары туралы ой бөлісіп, білім алу, кәсіби бағдар, көшбасшылық қасиеттерді дамыту және жеке жетістікке жету жолдары төңірегінде пікір алмасты.


РАХЫМ ИМАНӘЛІ, ЖАС АҚЫН
Облыс әкімінің шақыртуымен дарынды балалар атынан алғыс хат алуға келіп тұрмын. Баршаңызды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын. Осындай мерекелерде жиі кездесе берейік. Облыс әкіміне мың алғысымызды айтамыз. Астанадан бас жүлде алып келдік. Ақын болғандықтан облыс әкіміне арнау айтуды жөн көрдік.


 Дарынды жастар арасында Қазақстанның робототехника құрамасының мүшелері де бар. Биыл Түркістан облысының командасы АҚШ-та өткен робототехникадан әлем чемпионатында жүлделі марапаттарға ие болды. Чемпионатта түркістандық дарындылар 12 марапат жеңіп алған еді.

Биыл біздің команда Орталық Азия бойынша өткен чемпионатта жеңімпаз атанып, еліміздің намысын АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен чемпионатта қорғауға мүмкіндік алған болатын. Сол жарыста әлемнің түкпір-түкпірінен келген 160 команда арасынан суырылып шығып, чемпиондар қатарынан көріндік.


Басқосуда балалардың ұсыныстары мен бастамалары тыңдалып, олардың жан-жақты дамуына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар сөз болды. Әкім орынбасары жас дарындарды мерекемен құттықтап, олардың жетістіктері өңірдің ғана емес, елдің мақтанышы екенін атап өтті.


 ЕРКЕБҰЛАН ДАУЫЛБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгін сіздермен осылай еркін форматта жүздесіп, ашық әңгімелесуге келгеніме өте қуаныштымын. Қасиетті Түркістан өңірі – ежелден білім мен ғылымның, мәдениеттің ошағы. Ал бүгінгі таңда сол тарихи мекеннің атын халықаралық, республикалық деңгейде танытып жүрген сіздер секілді жастарды көргенде, облысымыздың, еліміздің болашағы сенімді қолда екеніне нық сенемін. Әкімдік тарапынан сіздердің сапалы білім алып, спортта да, өнер мен ғылымда да биіктерді бағындыруларыңыз үшін барынша жағдай жасауға тырысып жатырмыз.


Кездесудің әдемі қорытындысы ретінде қазақтың қасиетті домбырасын серік еткен, жақында ғана Астанада өткен «Сөз бен саз» республикалық байқауының жеңімпазы Рахым Иманәлі арнау тарту етті.