Қазақстан ұлттық футбол құрамасы тарихында алғаш рет Шымкентте оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтіп жатқан дайындық алдағы халықаралық кездесулерге бағытталған.
Бір аптаға жоспарланған жиын 4 маусым күні аяқталады. Одан кейін құрама Арменияға аттанып, 6 маусымда алғашқы жолдастық матчін өткізеді. 9 маусым күні FIFA рейтингінде 42-орындағы Венгрия құрамасына қарсы ойнайды. Бұл ойындар футболшылар үшін тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Жиынға «Ордабасы» клубының ойыншылары Сергей Малый мен Бекхан Шайзада шақырту алған. Сондай-ақ жас футболшылар Жасұлан Әмір мен Мағжан Тоқтыбай ұлттық құрама сапында алғаш рет бақ сынауда. Айта кетейік, Қажымұқан атындағы стадион 2025 жылы жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталған. Шымкентте өтіп жатқан бұл оқу-жаттығу жиыны қаланың спорттық инфрақұрылымы мен әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.