Сапалы өнім мен табысты бизнестің артында үлкен еңбек пен жүйелі жұмыс жатыр. Бүгінде дәл сондай еңбекті бағалайтын маңызды алаңдардың бірі – Президент тағайындаған «Алтын сапа» сыйлығы. Шымкентте осы байқауға қатысу тәртібі мен мүмкіндіктері кеңінен түсіндірілді.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған семинарға өңір кәсіпкерлері жиналды. Онда «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары» және «Парыз» республикалық конкурстарына қатысу жолдары жан-жақты таныстырылды. Мамандар бұл байқаулардың бизнес сапасын арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. «Алтын сапа» сыйлығы – өнім мен қызмет сапасын жаңа деңгейге көтерген, сапа менеджменті жүйесін тиімді енгізген кәсіпорындарды ынталандыратын беделді марапат. Жыл сайын бұл байқау отандық өндірістің дамуына серпін беріп келеді.
САБИРА АДАМБЕКОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы, «Қазақстанның үздік тауары» конкурс-көрмесі және «Парыз» байқауына қатысу шарттарын түсіндіру мақсатында кәсіпкерлермен семинар өткізіліп отыр. Бұл – бизнестің дамуына берілген үлкен мүмкіндік.
Кездесу барысында байқаулардың талаптары, өтініш беру тәртібі және бағалау кезеңдері түсіндірілді. Сондай-ақ биылдан бастап «Алтын сапа» конкурсына «Цифрлық даму саласындағы үздік жоба» атты жаңа номинация қосылғаны айтылды. Бұл – цифрлық бағыттағы кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндік.
МЕРЕЙ ИСАЕВА, «АТАМЕКЕН» ҰКП РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
Шымкенттік кәсіпкерлерге республикалық конкурстардың маңызы түсіндірілді. Бұл байқаулар – отандық өнімнің сапасын арттырып, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін маңызды алаң.
Кәсіпкерлердің айтуынша, «Алтын сапа» сынды жобалар бизнес мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, сапа менеджментін жетілдіруге де жол ашады. Бұл – нарықта табысты болуға мүмкіндік беретін тиімді тетік.
Айта кетейік, биыл «Алтын сапа» конкурсына өтініш қабылдаудың 20 жылдық мерейтойлық кезеңі. Сарапшылар кәсіпкерлерге құжат тапсыру талаптарын түсіндіріп, сапа стандарттарын енгізудің маңызын атап өтті.