Қазіргі қоғамда әке мен бала арасындағы байланысты нығайту маңызды мәселеге айналды. Осы бағытта Түркістан облысында ұлттық құндылықтарды дәріптеген тағылымды жоба қорытындыланды. «Жалпыұлттық құндылық – ел дамуы» жобасы аясында өткен байқауда қатысушылар өнерден де, білімнен де сынға түсті. Екі айға созылған тартысты додада кім үздік атанды?
Ауқымды жоба аясында «Ұлттық құндылықтар апталығы» және «Әкелер мектебі» байқаулары ұйымдастырылды. Оған 4 аудан мен 3 қаладан қатысушылар келіп, әке мен бала арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған сайыстарға қатысты.
«Әкелер мектебі» байқауында қатысушылар «Өнерлі әке», «Шебер әке», салт-дәстүр көріністері және интеллектуалдық сұрақ-жауап сынды 5 кезең бойынша бақ сынасты. Әкесімен бірге сайысқа қатысқан Арсен қамшы өріп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
БАҚЫТЖАН БАЙЖҰМАН, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
Бұл жерде баланың шапшаңдығы мен ойлау қабілеті сыналады. Соның ішінде ең қиыны қамшы өру болды десем қателеспеймін.
Жоба аясында «Менің елім – менің құндылығым» атты эссе байқауы да ұйымдастырылды. Оған 73 азамат өтініш беріп, 51 қатысушы эссе тапсырған. Туған ел мен ұлттық құндылықтар туралы толғанған үздіктер арнайы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыруға ықпал етеді.