Енді ауруханадағы балалар ем алып қана қоймай, білімін де жалғастыра алады. Шымкентте онкология бөлімшесінде «Smart School» аурухана мектебі ашылды. Жоба ұзақ уақыт ем қабылдайтын балаларға психологиялық қолдау көрсетіп, оқудан қол үзбеуге мүмкіндік береді.


«Smart School» аурухана мектебі облыстық балалар ауруханасының онкогематология бөлімінде ашылып отыр. Мұнда ем қабылдап жатқан балалар сабақ оқып, шығармашылық және дамыту үйірмелеріне қатыса алады. Жобаның басты мақсаты - балалардың қоғамнан оқшауланып қалмауына көмектесу.


АЛТЫН ДОСАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Онкогематология бөлімінде жылына 500-600 бала ем қабылдайды. Енді олардың білім алуына осындай мүмкіндік жасалып отыр.


 «Smart School» қайырымдылық жобасы Қазақстанда 2018 жылдан бері жүзеге асып келеді. Шымкенттегі жаңа орталық — жоба аясындағы бесінші мектеп.


ЭЛЬМИРА АЛИЕВА, «HELP TODAY» ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Бұл – қорымыз ашып отырған бесінші мектеп. Оның төртеуі балалар ауруханалары базасында жұмыс істейді.


Орталықта жалпы білім беретін пәндерден бөлек, робототехника, LEGO құрастыру, шахмат, сурет салу және арт-терапия бағытындағы сабақтар тегін өтеді. Балалар үшін бұл тек оқу емес, көңіл сергітіп, жаңа ортаға бейімделудің де бір жолы.


АЯУЛЫМ ОҢЛАСЫН, ЕМ АЛУШЫ
 Сәлде болсын ойымыз алданып, оқуға деген құлшынысымыз артатын болды.  Маған робототехникасы қатты ұнады. Өйткені оны жасаған қызық және түсіндіру жақсы.


 АЙДЫН НҰРБОЛҰЛЫ, ЕМ АЛУШЫ
Смарт школаға рақмет, ауруханадағы балаларға көмектесіп жатыр.Балалардың интеллектерін өсіреді. Шахмат ойнаймыз, көп нәрсе үйретіп жатыр.


Жоба аясында балалармен арнайы дайындықтан өткен еріктілер жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін еліміз бойынша 5 мыңнан астам бала «Smart School» бағдарламасы арқылы білім алып, дамыту сабақтарына қатысқан.