Бір сәт кешігу – адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін жағдай. Ал дәл осындай сәттерде секундтың өзі шешуші рөл атқарады. Шымкентте енгізілген интеллектуалды көлік жүйесі енді жедел жәрдем көліктеріне жол ашып, шұғыл көмектің жылдам жетуіне мүмкіндік беріп отыр.


Қалада 5 реанимациялық жедел жәрдем көлігі ITS жүйесіне қосылған арнайы трекерлермен жабдықталған. Шақыртуға шыққан көлік жол қиылысына жақындаған кезде жүйе автоматты түрде бағдаршамдарды реттеп, «жасыл дәліз» қалыптастырады. Бұл жедел жәрдемнің кедергісіз қозғалып, оқиға орнына уақытылы жетуіне жағдай жасайды. Қазіргі таңда интеллектуалды көлік жүйесі Шымкент қаласындағы 354 бағдаршам нысанын қамтып отыр. Жүйе көлік ағынын нақты уақыт режимінде бақылап, талдап, жолдағы қауіпсіздік пен қозғалыс тиімділігін арттыруға бағытталған. Мамандардың айтуынша, мұндай цифрлық жүйелер қаладағы кептелісті азайтып қана қоймай, ең бастысы – адам өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады. Жедел әрекет пен технологиялық басқару – заманауи қаланың басты талаптарының бірі.