Түркістанда ерекше күтімді қажет ететін балалар бір сәтке болса да өздерін нағыз жұлдыздай сезінді. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Шексіз әлем» атты мерекелік кеште өнерлі балалар сахнаға шығып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.


 Кеш балалардың өз қолымен жасаған бұйымдарының көрмесімен басталды. Қонақтар жас шеберлердің туындыларын тамашалап, олардың өмірге деген құштарлығы мен шығармашылық қабілетіне тәнті болды. Концерттік бағдарлама барысында ерекше балалар ән айтып, би билеп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал даун синдромы бар балалардың қатысуымен ұйымдастырылған сән көрсетілімі залдағы жұртшылықтың ерекше қошеметіне ие болды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров мерекеге қатысушыларды құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстады.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
 Бұл кеш – өмірге құштар, арманы асқақ ерекше балаларымыздың жарқын жүзін көріп, қуанышын бірге бөлісетін ерекше сәт. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз – үлкен ерлік пен табандылықтың үлгісі. Бүгін сахнада өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленген балалардың таланты мен жігері баршаға шабыт сыйлады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасады. Біз әр баланың сапалы білім алып, ем қабылдап, өнер мен спортта өз қабілетін шыңдауына барынша жағдай жасай береміз.