Шымкентте ерекше балалардың тағдырын өзгертіп жатқан бірегей орталық бар. Мұнда келетін бүлдіршіндер қарапайым іс-әрекеттерді орындаудан бастап, өздігінен тамақ ішу, дербес тұрып-отыру секілді асуларды бағындырып жатыр. Кәсіби мамандар озық әдіс-тәсілдер мен төзімділіктің арқасында бала санасын өзін-өзі басқаруға бейімдеп келеді. Нәтижесінде, кеше ғана айналасына жатырқай қараған бала бүгін қоғам қатарына қосылуда. Тақырыпты әріптесім Қанат Жолдасбеков тарқатады.
.  

«Пазл Успеха» орталығына түрлі диагнозы бар ерекше балалар келеді. Бастапқыда сөйлеп-жазуды, тамақ ішу мен қажеттілігін жеткізуді білмейтін олар түрлі жаттығу жасап, бірте-бірте қалыпты адам деңгейіне жетеді. Нүргүл Темірханова 6 жастағы Омарды осында 1 жыл бұрын алып келген. Айналасынан шошып, қоғамнан жатырқайтын ол, өздігінен іс-әрекет жасауды білмейтін. Сана-сезімі қалыптаспаған жеткіншек, өзіне не керегін, не істеуге құлықты екенін аңғармайтын. Анасы алас ұрып, баласын емдету үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Бірақ, онысынан ешбір нәтиже болмапты.


НҮРГҮЛ ТЕМІРХАНОВА , ЕРЕКШЕ БАЛАНЫҢ АНАСЫ
 – «Бізде басқа орталықтарда нәтиже болған жоқ. Бағдар дұрыс болмағандықтан. Осында келгенде әуелі мамандар АФК-ны қолға алды. Сол арқылы баламда нұсқау қимылдары пайда болды. Баланың жүгіру-секіру, тепе-теңдікті сақтау, нұсқауларды орындау дағдылары қалпына келе бастады.» «Өз-өзіне қызмет көрсету деңгейіне жеткізді АФК»


 Орталықтың басты ерекшелігі – мұнда келген әр бала жіті зерттеліп, жеке ем-дом бағдарламасы түзіледі. Ерекше өрендерге арнайы жаттығулар арқылы сөйлеуді, қимыл-қозғалыс белсенділігін, сана-сезім түсінігін үйретеді.  Мекеме былтыр қыркүйек айында 15 балаға қызмет көрсетіп бастаған.  Үш ай ішінде қатары 120-ға жетіп, сұраныс артқан. Бүгінге дейін өзін-өзі басқаруда тежелісі бар 36 бала оң нәтиже көрсетіп, мектеп-бақшаға жөнелтілген.


ТОҒЖАН ТОЙШЫБЕКОВА, ABA ТЕРАПЕВТ
– «Бала бізге басында жылап, құлықсыз келеді. Оны біз өз әдіс-тәсілдеріміз арқылы оңалтамыз. Ойын арқылы жұмыс істейміз.»  «Бала бізден шыққан соң өзін-өзі игеріп, өзін-өзі басқаруды үйреніп шығады.»


ІЛИЯС ОРДАБАЕВ , ОРТАЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Балға тепе-теңдікті сақтауды үйретіп, спорт арқылы оны қоғамға бейімдейміз.» «Жеке, баланың өзіне ғана арналған жаттығуларды да жасатамыз.»


Мекемебасшысы Зүлфия Нұрқожаеваға орталық ашуды ата-аналар ұсынған. Ерекше өрен тәрбиелеп отырған ол баласын емдету үшін әлемнің 7 мемлекетіне барған. Түрлі-әдіс тәсілдерді үйреніп, оны өз баласына қолданған. Оң нәтиже көрсетіп, баласы қоғам қатарына қосылған соң маңына білікті маман жинап, өзге де ата-аналарға көмектесуді ұйғарған.


ЗҮЛФИЯ НҰРҚОЖАЕВА ,  ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
 – «Ыдыс жууды, еден жууды, киініп-ешінуді үйретеміз, сондай түрлі жаттығулар арқылы баланы өмірге бейімдейміз.»  «Алғаш келгенде бала кабинетке келуге қорқады. Ал қазір ол бала өзін-өзі жақсы ұстайды, отыр, тұр, жүр кеттік, бұл болмайды деген ескертулерді түсінеді. Жолға жүгіріп кететіндер бар, қазір баллар ондайын қойды.» «Ыстық суықты ажыратып, өз тамағыын өзі жылытып жейтін деңгейге жеткізсек соның өзі керемет жетістік.»


Орталықта 21 маман жұмыс істейді. Барлығы да арнайы сертивикатталған кәсіби қызметкер. Әр баланың диагноз ерекшелігін, психологиялық мінез-құлқын ескере отырып жеке сабақ жооспарын қолданады.