Ана ашынса - қоғам тіксінеді. Түлкібас төрінде бас қосқан ақ жаулықты аналар қоғамның өзекті мәселелерін талқылады. Аналар кеңесі ұйымдастыруымен өткен алқалы жиынның басты өзегі - елдің бірлігі, берекелі отбасы тәрбиесі және өскелең ұрпақтың болашағы болды.
Алқалы басқосуда бүгінгі заманның жегі құртындай өршіп тұрған нашақорлық, отбасыларды ойрандаған лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен мектеп қабырғасындағы буллинг секілді қауіпті қатерлердің алдын алу жолдары пысықталды. Әсіресе, жас буын арасындағы ысырапшылдық пен жауапкершіліктің төмендеуі жиналғандардың шамбайына батты. Өмірлік тәжірибесі мол ардагер аналар тәрбиенің тал бесігі ең алдымен отбасы құндылығы екенін шегелеп айтты. Басқосуда тек ұрпақ қамы ғана емес заң үстемдігі де сөз болды. Жиынға қатысушыларға халықтық Конституцияның ел дамуына қосар үлесі мен құқықтық салаға енгізілген жаңашыл бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Аудан белсенділері мұндай тағылымды кездесулерді алдағы уақытта ауылдық округтерде де жалғастыру қажеттігін алға тартты.