Шымкент білімі – ел рейтингінің шыңында. Елдегі ең таңдаулы мектептердің қатарына шаһардың 6 бірдей білім ошағы еніп, қала мерейін үстем етті. Бұл тізімнің көш басында «Білім-инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты тұр. Саналы тәрбие мен заманауи ғылымды егіз ұстаған бұл білім ұясы биыл да талантты шәкірттерді үлкен өмірге шығарып салды.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Кезекті оқу жылы аяқталды. Биыл шымкенттік білім ордалары тағы да жоғары нәтижемен қуантты. Білім бәйгесінде үздік атанған мектептер республикалық олимпиадаларда топ жарып, биіктерден көрінді.
Үздіктер мекеніне айналған лицейдің биылғы түлектерінің жетістігі таңдай қақтырады. Мәселен, мектептен түлеп ұшқан талапты өрендердің бірі- Дархан Шатай. Спорт пен білімді тең ұстаған жас шәкірт тек оқуда ғана емес, спорттық додаларда да топ жарып, бірнеше рет жүлдегер атанған. Әлемнің беделді оқу орындарынан шақырту алған түлек Англияда білім алуға ниетті.
ДАРХАН ШАТАЙ, МЕКТЕП ТҮЛЕГІ
Бізге жетінші сыныптан бастап мамандық бойынша бағдар береді.Шетелге оқуға түсу үшін 8 сыныптан бастап дайындықты бастадық.Кітапхана, түрлі каворкинг орталықтары әкімшілік тарапынан қарастырылған.Бұл біздің сапалы білім алуымызға көмек берді.
Мектеп мақтаныштары мұнымен шектелмейді. Тарихты –болашақтың бағдары деп білетін Дастан Қалу да мекеменің абыройын асқақтатты. Қазақстан тарихын шежіредей жатқа оқып, терең меңгерген түлек – республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Жас дарын енді еліміздің геосаяси аренадағы мүддесін қорғауды мақсат етеді. Сол себепті де ол халықаралық қатынастар саласын таңдап отыр.
ДАСТАН ҚАЛУ, МЕКТЕП ТҮЛЕГІ
Лицейге қабылданған соң оқушыларды бірден олимпиадаға дайындайды.Менің ұстаздарым қазақстан тарихына деген қызығушылығымды бірден байқап, осы пән бойынша жарысқа дайындады, қабілетімді ашты.Соның арқасында бірнеше рет республикалық олимпиаданың жеңімпазы атандым.
Бұл жетістіктердің артында үлкен мектептің үлгілі жүйесі тұр. Оқу орнындағы ұстаздар оқушыларға тек білім беріп қана қоймай, шәкірттерді жауапкершілік пен отансүйгіштікке баулиды. Қажырлы еңбектің арқасында мекеме жыл сайын үздіктердің қатарынан көрініп, қала білімін ел ішінде брендке айналдырып келеді.
РАЙХАН АБИШОВА, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ЕР БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №1 ЛИЦЕЙ-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ
Лицейде ұстаздар әр оқушымен жеке жұмыс істейді.Ата-аналармен тығыз қарым-қатынасты жұмыс істейді.Сол арқылы оқушының қарым-қабілетін ашып, талантын танимыз.
Білім бәсекесінде дараланған мектептен биыл 100-ге жуық оқушы түлеп ұшты. Бүгінде олардың алды әлемдік ареналарды бағындырып үлгерсе, басым бөлігі ұлттық тестілеуден жоғары нәтиже көрсетті. Білім ұясы биыл да миссиясын мінсіз атқарып, қала абыройын асқақтатты.