Қала әкімі халықпен көшпелі кездесу аясында Абай ауданы тұрғындарымен жүздесті. Самал-2, Ақжайық және Қайнарбұлақ шағынаудандарының тұрғындарымен кездесуде қалалық ортаның сапасы мен күнделікті тұрмысқа әсер ететін өзекті мәселелер талқыланды.


 Кездесу барысында тұрғындар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілер жолын салу, жер телімдерін заңдастыру, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар бағдаршам мен жол белгілерін орнату, саябақ салу, балабақша ашу, балалар және спорт алаңдарын көбейту жөніндегі өтініштер айтылды. Тұрғындар қолданыстағы емханаға жаңа ғимарат салу, қоғамдық көлік бағыттарын арттыру және №125 мектепке спорт залын салу туралы ұсыныстарын да жеткізді. Кездесу қорытындысында қала әкімі аудан әкімі мен салалық басқарма басшыларына көтерілген мәселелерді бақылауға алып, әрбір өтініш бойынша нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды. Нәтижесі тұрғындарға тұрақты түрде хабарланып отырады.