Ардагерлер кеңесі қоғам ісіне белсене араласып, жастарға ақыл-кеңес айтып келеді. Бүгінде ұйым құрамында шаһардағы 101 мыңнан астам зейнеткер бар. Бүгін қариялар бас қосып, іс-қағаздарды рәсімдеу мәселесін талқылады.
Абай ауданында өткен семинарға ақсақалдар мен ақжаулықты аналар қатысты. Жиында ардагерлердің тізімін нақтылау және оларға қолайлы жағдай жасау мәселесі көтерілді. Сондай-ақ қарттардың қоғам өміріне белсенді араласуы мен жастар тәрбиесіндегі рөлі сөз болды.
АСҚАР АСЫЛБЕК, ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
– «Соңғы мәлімет бойынша бізде 1200 тыл ардагері бар. Ұлы Отан соғысына теңестірілген 2300 ардагер тіркелген. Өмір болған соң өзгерістер болып тұрады. Біздің мақсат – осы мәліметтерді нақтылау.»
ҰЛЫҚПАН БАШЕНОВ, АБАЙ АУДАНЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
– «Ұсыныстар болса, осы семинар барысында талқыланады. Негізгі мақсат – іс-қағаздарды толтыру тәртібін пысықтау.»
Қарты бар елдің қазынасы бар. Ардагерлер мектептер мен түрлі мекемелерге барып, жастармен кездесулер өткізіп жүр. Олар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, отбасы құндылығы мен бала тәрбиесі жайында жиі әңгіме қозғайды.
СҰЛТАНБЕК ДАУРАМБЕКОВ, ҚЫЗЫЛЖАР ЫҚШАМАУДАНЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ
– «Қаладағы бірнеше мектепке барып, оқушылармен кездесіп жүрміз. Ақыл-кеңесімізді айтып, тәрбиелік бағытта жұмыс жүргіземіз.»
Жиын соңында оқушылар ардагерлерге құрмет көрсетіп, ән мен биден шашу шашты.