Болат жолдың бойы – қателік атауын кешірмейтін, қалтқысыз тәртіпке бағынатын қатал аумақ. Себебі, мұнда орын алған бір сәттік салғырттықтың соңы орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Мұндай қауіптің алдын-алу үшін «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен құзырлы орган өкілдері «Қауіпсіз өткел» акциясын өткізді. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған жиында рейдтік жұмыстар жүргізіліп, жүргізушілердің жауапкершілігі пысықталды. Тақырыпты тілші тарқатады.
Ауқымды профилактикалық акция Шымкент – Арыс бағытындағы Игілік пен Бадам бекеттері аралығында орналасқан өткелдердің бірінде өтті. Бұл тораптан тәулігіне ондаған жүк пен жолаушылар пойызы өтіп, мыңдаған автокөлік қатынайды. Қозғалыс тығыз, қауіп жоғары болғандықтан, қауіпсіздік талаптарын сақтау аса маңызды.
ЖОМАРТ МЫРЗАБЕКОВ, «ҚТЖ ҰҚ» АҚ» «ШЫМКЕНТ МАГИСТРАЛЬДЫҚ ЖЕЛІ БӨЛІМШЕСІ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Осы жылдың басынан бастап еліміздің теміржол торабында 6 жол-көлік оқиғасы орын алып, бір адам қаза тапты.Теміржол өткелдерінен өту кезінде жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға, жақындап қалған пойыздың алдына түспеуге, бағдаршамның тыйым салынған түсіне тоқтауға шақырамыз.
Аталған өткел – Абай және Тұран аудандарына қарасты Игілік, Көкбұлақ, Жаңаталап сынды бірнеше елді мекеннің 17 мыңнан астам тұрғынын қала орталығымен байланыстырып отыр. Оған қоса, Түркістан облысының Ордабасы ауданы мен Арыс қаласына баратын негізгі күре тамыр. Сондықтан бұл маңда сақтық еселенуі тиіс. Шара барысында мамандар әрбір жүргізушіге асығыстықтың соңы өкінішке ұласуы мүмкін екенін ескерте отырып, арнайы ақпараттық жадынамалар таратты. Бір күн ішінде 100-ден аса жеңіл көлік пен 30-дан астам жүк көлігінің тізгіншісіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
ҒАНИЖАН МАЙРИХОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӨЛІКТІК БАҚЫЛАУ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ
Тұрғындарды, автокөлік иелерін қауіпсіздікке шақырамыз.Бұл бойынша қалалық теміржол вокзалында да бірнеше акция өткізілді. Теміржол өткеліндегі қауіпсіздікті сақтау үшін құзырлы органдармен жұмыс атқарамыз.
Тәртіп ережеге бағынудан басталады. Апаттың алдын алуды көздейтін мұндай профилактикалық іс-шаралар шаһар аумағында тоқсан сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Дегенмен, мамандар жұмыс қарқынын күшейтуді көздеп отыр.