Қалалық кәсіпкерлер палатасында қазір Тәукехан даңғылының бойындағы комерциялық нысан қожайындарының бірнеше арызы қаралуда. Көбі өздеріне тиесілі жердің табан астында қызыл сызыққа еніп кеткеніне келіспейді. Тіпті не үшін олай болғанын түсінбей жүргендер де бар. Өйткені, аталған аумақтағы бизнес өкілдерінде тиісті құжаттың барлығы бар. Қызыл сызыққа енді деген хабарлама кәмсіпкерлікті ары қарай дамытуға қолбайлау болып отыр.
Ойрат Мамыров – Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының құрылыс және ТҮКШ комитетінің төрағасы
Бұл жерде үлкен мәселе бар. Сәулет құрылыс және Архитектура мекемесіне қызыл сызықта деп көрсете салу оңай шығар. Бірақ мұндағы азаматтарды да ойлау керек. Себебі көше бойындағы аумақтың барлығы қызыл сызықта деп есептелген соң ешкім өз ісін дамыта алмай отыр.
Негізінде бұл мәселе қаланың бас жоспары қайта қаралған соң пайда болған. Өйткені, 2018 жылғы жобаға сәйкес шаһардағы ірі көшелер кеңейтілуі тиіс еді. Соның ішінде Тәукехан даңғылы да бар. Бірақ, көше қаншалықты кеңейтілгенімен кәсіпкерлікке кедергі келмеуі керек. Осылай деген қала әкімінің орынбасары бұл мәселенің алдағы уақытта қайта қаралатынын мәлімдеді.
Мәулен Айманбетов - Шымкент қаласы әкімінің орынбасары
Бұл мәселе бізде көтерілген. Қазір қайта қаралып жатыр. Келешекте сіздермен міндетті түрде тағы талқылаймыз. Бірінші кезекте тиісті басқармалармен қаланың даму концепциясына сай ма соны көреміз. Сосын осында тағы жиналамыз.
Комитет отырысының күн тәртібінде қызыл сызықтағы кәсіпкерлік нысандар мәселесінен бөлек қаланың инженерлік жүйелерін жақсарту мәселесі де айтылды. Ол бойынша әкім орынбасары баяндама жасап жиналғандарды атқарылатын жұмыстармен жұмыстармен таныстырды.
М. Жарылқасын