Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қысқы маусымға әзірлік барысы кеңінен талқыланды. Жиын барысында жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеліп, өңір жылыту маусымына толық дайын болуы керектігі қатаң ескертілді.
Облыста жылумен қамтамасыз ететін 7 кәсіпорын қызмет көрсетуде. Оның ішінде 1 жылу энергетикалық кешен, 36 орталықтандырылған қазандық, 2 083 автономды қазандық бар. Электрмен қамтамасыз ету бағытында 1 239 шақырым электр беру желісі, 26 қосалқы станция, 465 трансформатор қондырғысына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Qazaq Gaz» АҚ тарапынан 2025-2026 жылдарға арналған жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Орталық жылу беру ұйымдарының дайындығына 7,8 млрд теңге қарастырылған. Кентау қаласында жылу энергетикалық кешен жаңғыртылып, 14,5 шақырым магистральды жылу желілері қайта құрылуда. Созақ ауданындағы Қыземшек кентінде қазандықтар ауыстырылып жатыр. Төлеби ауданында 1,1 шақырым жылу желісі жаңартылып, жылу қазандығы жөнделген. Отырар ауданының Шәуілдір елді мекеніндегі жылу қазандығы ағымдағы жөндеуден өтті. Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданында жыл сайынғы жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталды. Түркістан қаласындағы 18 орталықтандырылған қазандықтың барлығында қысымдау жұмыстары толық жүргізілді. Сонымен қатар орталық қазандықтарға резервтік отын түрлерін орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Әлеуметтік нысандардың жылу жүйелеріне де қысымдау жұмыстары жүргізілген. Облыс бойынша көмір отынына деген жалпы қажеттілік – 600,1 мың тонна. Бюджеттік мекемелердің қамтамасыз етілуі кестеге сай жүргізілуде. Сонымен қатар жеке тұрғындар мен жылыжай иелеріне де қажетті отынды алдын ала сатып алып, қамдану қажеттігі ескертілді.