Жаңа оқу жылының басталуына орай еліміздің барлық мектебінде салтанатты іс-шаралар өтті. Осыған байланысты қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ішкі істер министрлігі тиісті шараларды қабылдады.
Әрбір білім ошағына полиция қызметкерлері бекітілді. Патрульдік жасақтар мектептердің маңына барынша жақын орналастырылып, ықтимал жағдайларға дер кезінде әрекет етуге және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды. Білім күні тәртіп сақшылары құқықтық тақырыптағы дәрістер өткізіп, жеке қауіпсіздік ережелері мен жол қозғалысы қағидаларын түсіндірді. Айта кетейік, 25 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында республика бойынша «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы өтіп жатыр. Оның аясында білім беру мекемелерінің маңайында 5 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Нәтижесінде мектептердің жанында 2 335 жол белгісі орнатылып, жаңартылды, 1 007 жаяу жүргінші өткелі салынды, 18 752 метр тротуар төселді. Сондай-ақ балаларды тасымалдауға арналған 1 780 көлік құралы тексерілді. Ішкі істер министрлігі алдағы уақытта да оқу орындарының маңында қоғамдық тәртіпті сақтау, балалардың қауіпсіздігін қорғау және оқушылардың құқықтық әрі жолда жүру мәдениетін арттыру бағытындағы алдын алу жұмыстарын жалғастыра бермек.