Түркістанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Облыс әкімі бекіткен 7 бағыттан тұратын 64 тармақты жоспар аясында кәсіптік білім беру, жұмысшы мәртебесін көтеру, жастарға кәсіптік бағдар беру және еңбек нарығындағы сұранысты қамтамасыз етуге басымдық берілген. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 47 мыңнан астам студент 75 мамандық бойынша білім алып жатыр.
Қазір өңірде 16 500-ден астам студент 38 жұмысшы мамандығы бойынша даярлануда. 2025-2026 оқу жылына 15 500 мемлекеттік грант бөлініп, оның 9 500-і жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Сондай-ақ, дуалды білім беру жүйесі қарқын алып келеді. Облыстағы 35 колледж 654 кәсіпорынмен 64 мамандық бойынша келісімге келіп, нақты өндірістік тәжірибеге негізделген оқыту жүйесі жолға қойылған.
Түркістан облысында 29 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Өткен жылы 13 мектеп пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 16 мектеп ашылады. Өңірдегі 115 мектеп кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Бүгінде 100 білім ошағы жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар мектептердің қауіпсіздігін, ыңғайлылығын және заманауи стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Облыста 67 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасына 1200-ден аса педагог қатысып, оның 78%-ы басқарушы лауазымдарға тағайындалған. Жыл соңына дейін 16 мыңнан астам ұстаз біліктілігін жетілдіруі жоспарланған. Алғаш рет енгізілген «Ұстаз» ұлттық платформасында 12 826 педагог аттестациядан өтуде. Бұл жүйе педагогтерді ынталандырып, кәсіби дамуға жаңа серпін беруде.