Қазақстанда несие рәсімдеуге жаңа ереже енгізілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлағандай, енді біржақты шешім қабылдамас бұрын, қарыз алушыға қосымша уақыт беріледі.
Егер несие сомасы 1 миллион теңгеден асса, банк оны бірден мақұлдамай, ең кемі 24 сағат күту міндеттемесін орындайды. Бұл аралықта клиенттің қаржылық қауіпсіздігі — алаяқтықтың болмауы тексеріледі, ал қарыз алушы ойлануға мүмкіндік алады. Сонымен қатар 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі сомалар үшін, «салқындату кезеңі» – 8 сағатқа дейін қысқартылған. Бұрын мұндай несие бірнеше минутта рәсімделетін. Жаңа ережелер клиенттің жеке басын растау үшін ЭЦҚ, биометрия, картаның деректері, мемлекеттік деректер базасы немесе бірегей идентификатор сынды сенімді тәсілдерді енгізуді қарастырады. Бұл шаралар — қарыз алушыларды алаяқтық әрекеттерден қорғап, ақша шешімін асығыс қабылдау қаупін азайтуға бағытталған.