Мойындауды қиынсынғанмен, бұл саладағы кәсіпқойлардың еңбегі адал. Ісі сауапты. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жауапты орында талмай еңбек ететін маманды әңгімеге тарттық. Ол науқастарды аурудан айықтырудан, қайғылы хабар жеткізуді ең қиын шаруа деп біледі.
Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Мұқан Шыңғысханұлының айтуынша, жылына 1500-ден астам адам ауыр дертпен осында түседі. Әр адамның шыбын жаны үшін көз ілмей қызмет ету, сенімге селкеу түсірмеу – осы дәрігерлерге артылған жүк. Өмір бар жерде - өлім бар. Ол - аксиома. Жайшылықта әр пенде түсінгенмен, жан сақтау бөліміндегі қиыншылықта қайшылық көп.
Саттар Есімбеков, тілші;
Дәрігерлердің де дәрменсіз болатын кездері көп. Ол адамды ажалдан арашалай алмайтын уақыт. Тәңірдің тағдырға жазғаны сол болса, пенде пәни өмірмен қош айтысып, кете барады. Осындайда суық хабарды жеткізу де жансақтау бөлімі мамандарына жүктеледі.
Естірту – ықылым заманнан ауыр да, жауапты іс. Жаман хабарды жеткізерде демі үзілген адамның туыстары жағадан жұлып, тепкіге алатыны бар. Бұған Мұқан Тұрсынханов бастаған дәрігер қауымы түсіністікпен қарауға тырысады.
Мұқан Тұрсынханов, Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жан сақтау бөлімінің меңгерушісі;
Ең ауыры адамға қайтыс болғанын естірту. Өз аяғымен келіп еді. Сендер қолдан өлтірдіңдер деп шағымданатындар да кездеседі. Мұндайда сабырға шақырып, рухани демеу беруге тырысамыз.
Мықты маман – ұлт саулығының ұйытқысы
Бақтылы Көшербаева өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түскен. Дерті асқынған анаға ақ халатылар қолынан келген көмегін аямады. Қан қысымын түсіріп, қажетті ем-дом жасады. 4 ұл, 3 қызбен көрер қызық алда. Ардақты ана Алла алдында ақ халаттылар атына разы.
Сәлима Исаханова да осыдан 2 жыл бұрын есінен танып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Дәрігерлер науқасқа шұғыл ота жасап, аман алып қалды. Ауруы жанына батқанда батыл қадам жасап, бойына қайта қуат сыйлаған денсаулық сақшыларына айтар алғысы шексіз.
Мұндағы мамандар нұсқаулықты дер кезінде орындап, науқастарға қажетті екпе мен басқа да көмектерді сапалы түрде көрсетеді. Бұл бөлімдегі қызметкерлерге ең керегі – көпжылдық тәжірибе. Бірақ олар соның өзін жетілдіріп отыруды бірінші кезекке қояды. Мықты маман ғана – ұлт саулығының ұйытқысы.
САТТАР ЕСІМБЕКОВ