«Өнер – өмірдің айнасы». Осындай атаумен орталықтандырылған балалар кітапханасында сахна саңлақтарымен тағылымды кеш өтті. Оған ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Бекжан Тұрыс пен Зарина Кармен қонақ болып, сахна өнерінің сырын ашты. Актерлік шеберліктің қырымен бөлісті.


Шымкенттік жастар сүйікті әртістерін алғашқы минуттан-ақ ерекше ықыласпен қарсы алды. Кеш қонақтары да қатысушылармен еркін форматта сұхбаттасып, көкейде жүрген сауалдарына жауап алды. Сахна саңлақтары өз кезегінде шығармашылық жолдарының қалай өрбігенін баяндап, сахнадағы сенімділік пен біліктілікті арттырудың әдістерімен бөлісті.


ЗАРИНА КАРМЕН, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, АКТРИСА

 Сенің ой-өрісіңді, сенің табиғатыңды, сенің жалпы дүниетанымыңды өзгертетін-өнер! Мен қалай театрға келдім, солай менің тілім де өзгерді, менің еліме, жеріме жалпы өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Салт-дәстүрдің не үшін болу керек екенін, үлкеннің қадірін, кішінің қадірін, енді ол әр театрда бар ма білмеймін. Әркім өзінің туған үйін мақтайды ғой...


 «Алаштықтар қазақтың қай тұсы кенжелеп бара жатыр, сол тұсына қарай жұмыс істеген. Біз де соған көбірек көңіл бөлуіміз керек» ,-дейді өнер иелері.


БЕКЖАН ТҰРЫС, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, АКТЕР

 Біз қазір бүгінгі жастарға кешегі бабаладың ақуызын бүгін емізбесек, ертеңімсіз кеш болады. Қазір өздеріңіз білесіздер ғой, әлемнің өзі өзгеріске түсіп жатыр. Заман сондай құбылып тұр. Осындай құбылмалы ғасырда біздің көп жерде мына дәстүріміз де аяқасты, мәдениетіміз де аяқасты болып қалып, салтымыз да әдет-ғұрпымыз да бәрі. Бұл да басқа мәдениетті көшіруші, рухани құлға айналып бара жатқан сияқты. Сондықтан, мұндай нәрсе жастарға көбірек керек сияқты.


Шығармашылыққа қызығушылық танытқан жастар да құр алақан келмепті. Бірі әннен шашу шашса, енді бірі актерлік итюдтан үзінді қойып берді. Аға буын өкілдерінен баға алып, жаңаша серпіліспен тарқасты.