Халықаралық музей күніне орай Отырарда «Музей түні» мәдени акциясы өтті. Мәдени кеш аясында тақырыптық көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастырылып, танымдық викториналар өткізілді. Сонымен қатар, деректі фильмдер көрсетіліп, ұлттық ойындар мен этнографиялық көріністер қойылды.
«Музей түні» – бұл бір күндік мәдени іс-шара емес, тарих пен бүгіннің, өткен мен келешектің арасын жалғайтын рухани алтын көпір. Мұндағы басты мақсат, халықтың музей ісіне деген қызығушылығын арттырып, тарихи-мәдени мұраларды кеңінен насихаттау, сондай-ақ ұлттық рух пен патриоттық сана-сезімді нығайту.
АЙДОС ҚҰЛМАХАНОВ, ОТЫРАР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Жыл сайын келетін туристердің саны артып келеді. Өткен жылы 241 мың турист келсе, биыл жыл басынан бері 75 мыңнан астам турист келіп біздің елімізді, тарихымызды, мәдениетімізді, әдебиетімізді тамашалап жатыр. Сондықтан осының бәрі осы ұжым Айбек мырза сіздің бастаған ұжымның еңбегі. Еңбектеріңіз жана берсін».
Мәдени кеш аясында тақырыптық көрмелер мен экскурсиялар ұйымдастырылып, жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесін қалыптастыруға және ұлттық сана-сезімін дамытуға оң ықпал етті. Сонымен қатар, деректі фильмдер көрсетіліп, этнокешен аумағында алтыбақан, ләңгі тебу, гір тасын көтеру, қолкүрес, ұршық иіру сияқты дәстүрлі ойындар арқылы қазақ халқының мәдени құндылықтары қайта жаңғыртылды.
ЕРАЛЫ ТӨЛЕНДІҰЛЫ, МУЗЕЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Музей экспозициясында тірілту яғни, кейіпкерлер арқылы сол дәуірлердің көріністері арқылы көрермендерге ұсынып жатырмыз. Мұндағы мақсат, жастарға тарихты, мәдениетімізді, өнерімізді таныстырып, дәріптеу».
Мерекелік кеш барысында музей ісіне сіңірген еңбегі үшін музей ардагерлері мен қызметкерлері AMANAT партиясының және аудан әкімінің атынан арнайы марапаттармен және алғыс хаттармен марапатталды. Бұл құрмет – сала мамандарының мәдени мұраға қосқан үлесін бағалау мен олардың еңбегіне деген жоғары құрметтің көрінісі.