Түркістан облысында шіркейге қарсы дезинсекциялық жұмыстар үздіксіз жалғасып жатыр. Сырдария өзенінің бойындағы елді мекендерде зиянкестердің көбеюіне қарсы химиялық және биологиялық препараттар қолданылуда. Бұл шаралар экологияға залал келтірмей, шыбын-шіркейдің санын азайтуға бағытталған. «Бактицид» биопрепаратының 111 тоннадай дәрісінің суспензиясы құйылды.
Дәрілеу жұмыстарына 12 арнайы техника, 6 қайық, 28 адам жұмылдырылды. Мөлшері Сырдария өзеніндегі және Көксарай қоймасынан шығып жатқан судың көлеміне қарай есептеледі. Биылғы жылы өзенді дәрілеудің арақашықтығы жиіленді. Шіркей дернәсілдері шоғырланған аумақта мөлшері ұлғайтылды. Осы жұмыс нәтижесінде елді мекендер мен өзен арнасында шіркейлер саны азаюының тұрақты оң динамикасы анықталған.
Облыс аумағында баръерлік химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрбір елді мекен жеке қаралып, ерекшелігіне байланысты балама химиялық инсектицидті препараттар қолдануда. Осы ретте елді мекендегі өзеннен келген шіркей саны, ауа райы көрсеткіштері ескеріліп, залалсыздандырудың кешені тағайындалады.
Бұл жұмыстарға 38 толық жетекті жеңіл автокөлік, 36 арқаға асылатын бүріккіш, 4 термоөңдеу және әуе дрондары жұмылдырылған. Көлік жетпейтін аймақтарға арнайы дрондар қолданылуда.
Дезинсекция жұмыстары Түркістан, Арыс қалалары мен Шардара, Сауран, Отырар аудандарындағы Сырдария өзеніне жақын орналасқан елді мекендерде тұрақты жүргізілуде. Жұмыс барысы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатаң бақылауында.