Түркістан облысында биыл 11-сыныпты 33 884 оқушы бітіреді. Оның ішінде «Алтын белгіге» 2313, ал «Үздік аттестатқа» 2400 түлек үміткер. 25 мамыр жексенбіге тура келіп тұр. Осыған байланысты барлық мектептерде оқу жылының аяқталуына арналған салтанатты іс-шара 23 мамыр күні өтеді. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте осы және өзге де білім саласына қатысты мәселелер талқыланды.


Өңір басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Демалыс орындарында санитарлық талаптардың қатаң сақталуына мән беруді, лагерлердің сәйкестігін жіті тексеруді тиісті басқармаларға жүктеді. Бұл ретте, құзырлы орган қызметкерлерінің бірлесе жұмыс атқарып, дайындық жұмыстары уақтылы әрі сапалы өткізілуі керек. Ал су айдындарында, ормандар мен спорт нысандарында сақтық шаралары қатаң бақылауда болуы шарт деп, шегеледі Нұралхан Көшеров.


 Биыл Түркістан облысы бойынша Ұлттық біріңғай тестілеуге 27 386 мектеп бітіруші қатысады. Облыс аумағында 5 тестілеу орталығы жұмыс істейді. Тапсыру мерзімдері 16 мамыр мен 10 шілде аралығында ұйымдастырылған. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова тестілеуге қатыспайтын оқушыларды колледждерге оқуға тарту бойынша профориентациялық жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып өтті.


Жазғы демалыспен және сауықтыру шараларымен 439 мыңнан астам 1-10 сынып оқушыларының 93,5%-ы қамтылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жазғы лагерлерде жазғы маусымға дайындық жұмыстары басталып кетті. Жалпы облыс аумағында орналасқан 31 сауықтыру нысандары өз шәкірттеріне есігін айқара ашпақ.