«Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген халқымыз ежелден әрбір ісін батасыз бастамаған. Аталған мерекелік шараның мақсаты –аға буынның ізгі тілектері мен баталарын алу, оларға құрмет пен ілтипат көрсете отырып, Наурыз бата дәстүрін жас ұрпаққа насихаттау болды.Елге сыйлы батагөй қариялар Қ.А.Ясауи кесенесі жанындағы «Этноауыл» кешенінде тігілген киіз үйлерде ақ дастарханнан дәм татып, келелі әңгіме қозғады. Жалпы шараға қатысушыларға Наурыз көже ұсынылды.
Есалы Мәмбеталыұлы – қала тұрғыны
– Халқымыз «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» деп, үлкенді сыйлап, оның жолын әрдайым өнеге еткен. Әз Наурыз мейрамы қарсаңында осындай іс-шаралар арқылы ата-бабаларымыздың ұлағатты, ғибратты сөздерін жаңғыртып, сол арқылы жастардың ұлттық дүниетанымын қалыптастырып, әдет-ғұрыпты дәріптеуді мақсат еттік. Бата – адал ниет, шынайы тілек білдіру дәстүрі. Наурыз мерекесі баршаңызға құт-береке, ырыс-несібе, мол бақыт әкелсін.
Іс-шара аясында «Этноауыл» алаңында асық атудан этнос жастары арасында сайыс өтті. Сайысқа шаһардағы мектеп оқушылары белсене қатысып, ұлттық спорттың дамуына үлес қосты. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен арнайы Наурыз кәдесыйлары табысталды.Айта кетейік, «Наурыз бата» дәстүрін дәріптеген іс-шара «Түркістан» телеарнасынан тікелей эфирде ел назарына ұсынылды.
Назкен Скандар