Шымкенттік Бейсбековтер әулеті өз үйін галереяға айналдырды. Онда майлы бояумен салған суреттерін, басқан киіздері мен тоқыған киімдерін көпшілікке көрсетеді. Бір қызығы, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген шеберлер әулетінде Қазақстан Суретшілер одағының 7 мүшесі мен Қазақстан Қолөнершілер одағының 5 мүшесі бар.

Бейсбековтер әулетінің үйінен күні бойы «қонақ» үзілмейді. Ерекшелігі, туристер галереяны тамашалап қана қоймай, ондағы ұлттық бұйымдардың дайындалу барысын көреді. 
Әулеттің үлкені, сурет өнерінің шебері атанған  Болатбек Бейсбеков -  ұлттық қолөнер бұйымдарын да дәріптеп жүр. Оның айтуынша, туристер дәл осындай табиғи өнімге қызғатын көрінеді.  
Шебер әулеттің ұл-қыздары мен немерелері ат әбзелдерін күміспен қаптайды, түскиіз басып, алаша тоқиды. Атадан-балаға дарыған қабілеттің арқасында галеряны ашуға деген ынта да арта түскен. 
Бейсбековтер әулеті ұдайы тәжірибе алмасып, жас суретшілердің көрмесін өткізуге қолдау көрсетеді. Жоғары оқу орнындарының студенттеріне ұлттық өнердің маңызын түсіндіріп, тегін шеберлік сағатынөткізуді де ұмытпаған. 
Бүгінде қолөнер бұйымдарына қызығатындардың қатары қалың. Бейісбековтердің  орталығында қазақтың көне салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы да кеңінен насихатталады. Сондықтан да тур операторлар туристерге дәл осы галереяны көруге ұсынады. 
Қазақтың қолөнерін жанына серік еткен отбасы мүшері әрбір бұйымды асқан ыждахаттылықпен орындайды. Оған себеп, ұлттық дәстүр мен отандық өнімге деген қызығушылықты қашырып алмау. Тиісінше, қазақы нақыштағы бұйым түрлерін заман талабына сай сапалы әрі әсем етіп дайындауға тырысады.