Әскерге күштеп, бас салып, бақыртып әкетуді қою керек. Барлығы заң аясында жүзеге асуы тиіс. Бұл туралы көктемгі әскерге шақыру маусымын қорытындылау жиынында қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан тапсырма берді. Көктемде шақыру науқанында жоспар 103 пайызға орындалған. 

Шымкент қаласында көктемгі шақыруға берілген тапсырыс сапасы мен саны жағынан алғанда толықтай орындалды. Қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандарының хабарлауынша, Қарулы күштер қатарына 16 адам, Ұлттық Ұланға 9 адам берілген тапсырыстан артық жіберілген. 

Әскерге жалтару фактілері де көп кездеседі. Қорғаныс істері жөніндегі департамент мұны жасырмай ресми мәлімдеп жүр. Қазір жастарды әскерге қорқытып емес, ынталандыру тәсілімен тарту мәселесі қаралып жатыр. Нақтырағы енді, отан алдындағы борышын өтеген азаматтар жоғары оқу орындарына жеңілдіктермен немесе тегін грантқа түсе алады. Дегенмен де, бұған дейін жалтарып жүрген балаларды көшеден алып кету деректері де анықталған болатын.  

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Медициналық тексеруді де дұрыс өткізу керектігін, балалардың психологиялық, физиологиялық күйіне бағаны жөнді тексеріп барып, беру қажеттігін қадап тапсырды. Бұған дейін Қазақстан армияларында болған ситуациялар енді қайталанбау керектігін де баса айтты. 

Алдағы күзгі әскерге шақыру жоспарына сәйкес, қладан барлығы 800-ге жуық адам шақырылады. Бұл істі сапалы орындау үшін өңірден 6 мыңнан аса азамат зерделеніп, оның 300-ге жуығы іріктеліп, жеке істері жинақталу үстінде.